Жамбыл және Түркістан облыстарында 10 сәуірден бастап ішкі істер органдары көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, жанар-жағармайды елден тыс жерлерге әкетуге жол бермеу бойынша рейд жүргізіп жатыр, деп хабарлады B-news.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлері тиісті рұқсатсыз қосымша жанармай бактарын орнату арқылы көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу фактілерін анықтауға ерекше назар аударады. Бұл құқықбұзушылық үшін ҚР ӘҚБтК 590-бабының 7-бөлігі бойынша («Тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару») әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.
Іс-шараның үш күнінде осындай құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 57 жүргізуші жауапқа тартылды. Оларға көлік құралдарын одан әрі пайдалануға тыйым салынды.