Биыл елімізде 7 мамыр — Отан қорғаушы және 9 мамыр — Жеңіс күні мейрамына орай әскери шеру өтпейтін болды, деп хабарлайды B-news.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында және басқа да міндеттерді шешу қажеттігіне байланысты биыл елімізде әскери шеру өтпейді. Жалпы алғанда қазіргі уақыттағы маңызды басымдық — Қазақстан Қарулы күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен ұтқырлығын талап етілетін деңгейде ұстап тұру», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, ресми ақпаратта Қорғаныс министрлігі әскери-патриоттық іс-шараларды жоспарлап, өткізіп жатқаны айтылған.
«Аталған шаралар ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді құрметтеу, соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу және олардың ерлігін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мақсатын көздейді», — дейді ведомстводан.
7 және 9 мамыр мерекелеріне арналған шаралар туралы ақпарат жуырда министрліктің ресми сайтында жарияланады.