Журналистерді итке теңеген шенеуніктің үстінен Бас прокуратураға арыз жолданбақ

0 30

БАҚ өкілдері журналистерді итке теңеген ҚР Бас прокуратураның Парламенттегі ресми өкілі Мейрамбай Кемаловты жазалауды талап еткелі отыр деп хабарлайды Жамбылинфо Ұлыс медиа ақпарат алаңына сілтеме жасап.

Естеріңізде болса, бұдан бұрын Парламент Мәжілісі ғимаратында Бас прокуратура қызметкері журналистерге тіл тигізіп, мұның арты дауға ұласқан еді.

«Жиындардың бірінде тілшілердің алдынан ҚР Бас прокуратураның Парламенттегі ресми өкілі Мейрамбай Кемалов БАҚ өкілдеріне айқайлап, баннер жаққа баруды бұйырған. «Тәрбие көрмегенсіңдер!», — деді. Ал журналистер кетпей тұрғасын «Кет дегенде ит те кетеді!» деп дүңк еткізді. Тілшілерді итке теңеді. «Итсің! Ит екенсің!», — деп, ашық айтты. Интернетте осы оқиғаның видеосы кеңінен тарады», — делінген арызда.

Арыз жазушылардың сөзінше, ол мемлекеттік орган қызметкерлерінің этикасын өрескел бұзып қана қоймай, заң қадағалаушы органның беделін түсіріп отыр.

“Кемалов – заң қадағалаушы органның қызметкері. Оған қоса, Бас прокуратураның Мәжілістегі жауапты өкілі. Соған қарамастан, қарапайым этика нормаларынан аттап, журналистерге тіл тигізді, адамның ар-намысына тиетін сөз айтты. Одан кейін бір залға кіріп кетті де, ізім-ғайым жоғалды. БАҚ өкілдерінен кешірім сұраған да жоқ”, – дейді олар.

Осыған байланысты журналистер тіл тигізген қызметкердің әрекетіне құқықтық баға беріп, оған қатысты қандай шара қолданылғаны туралы ақпарат беруді сұрайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.